Вверх
Спортивный портал Новости, анонсы, события, новости спорта Смотреть

official.karsport.kz

Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы Мемлекеттік мекемеcі
Соңғы жаңарту: 20 Ақпан (12:09)
Официально

Язык: Қазақша

Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған мерейтойлық халықаралық турнирдің құрметті қонақтары әйгілі адамдар болмақ. Олар Германидан келген боксшы қыз, әлем чемпионы Кристина Хаммер, белгілі кинорежиссер және сценарист Олег Степченко мен актер Игорь Жижикин.

Қарағандының Серік Сәпиев атындағы Бокс орталығында 17-нен 21-ші желтоқсанға дейінгі аралықта Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған ХХХҮ мерейтойлық халықаралық турнир өтеді. Біріншілікке Қазақстанның, Қытайдың, Ресейдің, Тайландтың, Қырғызстанның, Өзбекстанның және Моңғолияның мықты боксшылары қатыспақ.

Турнирге құрметті қонақ ретінде жүзден астам адам шақырылды. Халықаралық турнирді Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов ашуға тиіс.

Көрермендер үшін Германиядан келген боксшы қыз, әлем чемпионы Кристина Хаммер, белгілі кинорежиссер және сценарист Олег Степченко мен актер Игорь Жижикиннің құттықтау сөздері көременге жылы әсер қалдырары сөзсіз. Айта кету керек, атақты спортшы қыз Новодолика кентінде дүниеге келсе, «Вий» фильмінің қоюшысы жарық дүние есігін Қарағандыда ашқан.

Атақты жаттықтырушы және спорт қайраткерінің мерейтойлық турнирі ерекше өтетіндігінде сөз жоқ. Бұл халықаралық біріншіліктің танымалдығы, оған деген құрмет 35 жылдан бері бір ластаған емес. Ғалым Жарылғаповтың тұңғыш турнирі 1984 жылдың желтоқсан айында өткен еді. Сол сәттен бастап қазақстандық спортты дамытуға елеулі үлес қосқан тамаша адамға деген құрмет болып табылатын боксшылар жарысының өз ерекшелігі сан қырымен танылып, тарихтың жарқын беті ретінде жазыла бастады. Ринг короліне айналған Василий Жиров, Болат Жұмадилов, Ермұхан Ыбырайымов, Аркадий Топаев, Игорь Шишкин, Анатолий Александров, Олег Маскаев, Бекзат Саттарханов, Геннадий Гловкин, Серік Елеуов, Серік Сәпиев әр кездері осы турнирдің жеңімпаздары болған еді.

1999 жылы жарысты ұйымдастырушылар Қарағандыға Кубаның аты аңызға айналған боксшылары, Олимпиада чемпиондары және әлемдік біріншіліктердің жеңімпаздары Феликс Савонаны, Майкро Ролмеоны, Хуана Эрнандесті, Вальдемар Фондты шақырған болатын. Бостандық аралына олар өте зор әсермен аттанды. Мұндай жылы қабылдау үшін американдық кәсіби боксшы, 1988 жылғы Олимпиадалық ойындардың күміс жүлдегері, кәсіпқойлар арасындағы әлемнің абсолюттік чемпионы кіші Рой Джонстың ризашылығы олардан асып түспесе, кем болған жоқ. Ол 2015 және 2016 жылдардағы туринирлердің құрметті қонағы болып қайтқан еді.

Әр жылдары халықаралық біріншіліктің қатысушысы болған спортшылардың деңгейі турнирдің тек Қарағанды өңірі үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды болғандығын айқын аңғартады.

-  Біздің отбасымыз жыл өткен сайын нығайып келе жатқан бұл турнирді қолдаушыларға зор ризашылығын білдіреді, - дейді Еңбек сіңірген жаттықтырушының ұлы Нұрғазы Жарылғапов. – Әкемді еске алуға арналған біріншіліктің ашылуы мен үшін көңіл толқытатын сәт. Біз үшін онда қол жеткен жеңістердің барлығы да бағалы. Қазіргі атақты боксшылардың көпшілігі осы турнирде құрметті жеңіс тұғырына көтерілгендер. Осы жолы Қарағандыда медальдарға ие болған спортшылар Олимпиадалық ойындарда жарқырап көрінеді деп сенеміз.

... Ғалым Жарылғапов 1939 жылы Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Мектепті тамаша бітірген соң Алматыға жол тартады. Әдебиетшілер арасында кеңінен танымал үлкен ағасы Ісләм Жарылғапов оның оқу-білімге деген ынтасын жақсы білетіндіктен, оған тарих және журналистика факультетіне түсуге ұсыныс жасайды, бірақ ол өзінің табандылығымен дене шынықтыру институтын таңдайды. Оқуын бітірген соң Қарағанды политехникалық институтында дене шынықтыру кафедрасында оқытушы болады, одан соң комсомол қызметіне ауысып, Қарағанды облыстық комсомол комитетінде спорт және бұқаралық қоғаныс бөліміне жетекшілік етеді. Оны 1966 жылы Қарағанды дене шынықтыру және спорт техникумына директор етіп тағайындайды. 1979 жылдан бастап Ғалым Жарылғапұлы Қарағанды облыстық атқару комитеті жанындағы дене шынықтыру және спорт жөніндегі комитеттің төрағасы болып қызмет атқарып, өмірінің соңына дейін еңбек етті. Ол өзінің барлық күш-қуатын спортты дамытуға, жаттықтырушы кадрлары мен спортшылар даярлауға жұмсады. Жаттықтырушылардың жұмысына жағдай жасау, ауылдық жерлерде спортты дамыту сияқты және басқа да мәселелерді шешу кезінде өз ісіне сенімділігімен, батылдығымен, алған бетінен қайтпайтын өжеттігімен көзге түсті. Облыстың спорттық бағыттағы қозғалысына жаңа леп әкелді, жаңаша ойлауға жетеледі, тәртіпті күшейтті, ол бұрынғы қол жеткен биікте қалып қойған жоқ, өңірдегі спортты жаңа биіктерге көтере білді.

Ғалым Жарылғапұлы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, БЛКЖО ОК-нің «Комсомолдағы белсенді еңбегі үшін» белгісімен марапатталды, КСРО және Қазақ КСР кәсіптік білім беру ісінің үздігі, КСРО дене шынықтыру және спортының үздігі атақтарына ие болды. КСРО-ның Спорт шебері, Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген жаттықтырушысы атанды.

Мәскеуде 1979 жылы өткен Олимпиадалық ойындардың қарсаңында Дондағы Ростовта бокстан КСРО чемпионаты өткен еді. Қазақстаннан барған команданың құрамында болашағынан мол үміт күттіретін боксшылар Серік Нұрқазов, Серік Қонақбаев және Виктор Демьяненко бар болатын.  Жұмысбастылығына қарамастан, Ғалым Жарылғапов та біздің команданы қолдау үшін Ростовқа әдейі барады. Ол мұндайда қарап отыра алмайды. Сол сияқты 1984 жылы наурыздың басында өзі науқастанып жүрсе де, Ташкент қаласында бокстан өтіп жатқан КСРО чемпионатына басшылар делегациясы құрамында аттанды. Қазақстандық Кәрімжан Әбдірахманов, Серік Нұрқазов, Серік Қонақбаев, Асылбек Қилымовтар жеңімпаз атанады. Бірақ қарағандылықтардың осындай үлкен жеңісі кезіндегі ұлан-асыр қуанышына ауыр қайғының көлеңкесі түсті – 3 наурыз күні Ғалым Жарылғапұлы дүниеден өтті.

Сол жылы жерлестері мен туған-туысқандары халқы сый-құрмет тұтқан арда азаматты есте қалдыру мақсатында оның құрметіне бокстан еске алу турнирін ұйымдастырған болатын. Содан бері бұл турнир жыл сайын үзіліссіз жалғасып келеді.

Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған ХХХҮ мерейтойлық халықаралық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі 17 желтоқсан күні сағат 15.00-де Серік Сәпиев атындағы Бокс орталығында өтеді. Сол күні және одан соңғы төрт күн бойы қарағандылық жанкүйерлер тамаша қазақстандық және шетелдік былғары қолғап шеберлерінің тамаша жекпе-жегін тамашалайтын болады.  Осындай тамаша спорт оқиғасын босатып алмаңыздар.


Вернуться назад

Аптаның тақырыбы

«Қарағанды облысының туризм, дәне тәрбиесі және спорт басқармасы» ММ
Сайт материалдарын пайдаланғанда ақпарат алған көзге сілтеме жасау міндетті
© 2013 Әзірлеу және қолдау:
Интернет-компания «Creatida»
Яндекс.Метрика