Вверх
Спортивный портал Новости, анонсы, события, новости спорта Смотреть

official.karsport.kz

Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы Мемлекеттік мекемеcі
Соңғы жаңарту: 02 Сәуір (01:44)
Официально

Язык: Қазақша

«Шахтер» – чемпион!

Сенбі, 29 қазан күні Қарағанды футбол тарихында естен кетпес матч болды. Қарағандылықтар үшін оның аса маңызды әрі шешуші болатын себебі бар еді. Еліміз егемендік алып, футболдан 20 рет Қазақстан чемпионаты өткізілген мерзімінде «Шахтер» командасы үш мәрте қола медальға қол жеткізіпті. Бірақ бірде-бір рет чемпион атанып, алтын алқа таққан емес. Міне, сол көптен күткен күн дәл бүгін келген еді. Биыл премьер-лига чемпионатында жақсы өнер көрсеткен «кенші» футболшылар осы ойында жеңіске жетсе, Қазақстанның чемпионы болатын. Сол себепті футболшылар да, жанкүйерлер де осы күнді асыға күтті.
Биылғы чемпионат аса тартысты өткенін футбол жанкүйерлері жақсы біледі. Екі кезеңмен өткізілген ел біріншілігінде алғашқы алтылыққа енген командалар мәреге үзеңгі қағыстыра жетті. Ақырғы турға дейін кімнің жеңімпаз болатыны белгісіз болып қалды. Көп уақыт турнир кестесін «Астана» командасы бастап келді. Ондан кейін «Шахтердің» де көш басына шыққан кезі болды. Алайда, бұрын турнир кестесінде соңғы орындарда жүретін Талдықорғанның «Жетісу» командасы биыл ерекше мінез танытты. Өз алаңында, кейде тіпті сырт алаңда көп командаларды ұтып кетті. Жақсы ойын өрнегін көрсеткен, шебер футболшылары бар бұл команда биыл шындап жүлдеге қол созған еді. Осы команданың шабуылшысы, өзбек легионері Ұлықбек Бакаев 18 доп соғып, бомбардир атанды. Чемпионаттың алғашқы ойындарының бірінде Теміртау стадионында «Шахтер» мен «Жетісу» командаларының ойыны 3:3 болып тең аяқталғанда биыл бұл командадан бірдеңе шығатыны белгілі болды. Сол ойында «Шахтер» өз алаңында ұтылып тұрып, соңғы минуттарда алаңға шыққан Серік Досмамбетовтің соққан добынан соң жеңілістен құтылған еді.
Шын мәнінде, осының алдындағы 31-ші турда кімнің чемпион болатыны анықталғандай еді. Сол жолы Талдықорғанда өткен ойында жерлестеріміз ерлік жасап, «Жетісуды» өз алаңында 2:0 есебімен ұтып келгенін білесіздер. Міне, осы ойыннан кейін біздің команда 39 ұпаймен көш бастады. Алайда, «Жетісудың» чемпиондықтан үміті үзілмеген болатын. Егер «Шахтер» өзінде «Астанадан» ұтылса немесе тең ойнаса, ал «Жетісу» Павлодарда «Ертісті» ұтса, талдықорғандықтар алтын алқа тағар еді. Сондықтан, ең соңғы турда футболдан Қазақстанның жаңа чемпионы анықталуға тиісті болды. «Жаңа» деп отырғанымыз, бұл екі команда да әзірге бірінші тұғырға көтеріліп көрмепті. Сол себепті бұл шешуші ойын болды.
Сонымен, Арқаның ауа райы бұзылып, қалың қар жауып, бұрқақтатып тұрғанда көптен күткен ойын басталды. Осы күнгі жаңа рекордтың бірі «Шахтер» стадионына жиналған қара құрым жанкүйер. Орталық стадионға 19 мың халық жиналып, лық толды. Бұл еліміздің тарихында болып көрмеген рекорд. «Шахтер» жазда Еуропа лигасының іріктеу ойындарына қатысқанда 14 мың адам жиналыпты. Тобықтан жауған қарға қарамастан, осыншама жанкүйердің жиналу себебін жоғарыда айттық. Олар чемпиондықтан қол созым жерде тұрған жерлестерін қолдауға келген болатын.
Сағат 15.00-де ойын басталды. Лық толған жанкүйерлер «Шахтер! Шахтер!» деп айғайға басып, стадионды басына көтерді. Көпшілік күткендей, ойын қызу басталды. Қарағандылықтар жеңсе, алтын медаль, астаналықтар жеңсе, олардың қолында қола медаль болар еді. Сондықтан, екі командаға да жеңіс ауадай қажет болды. Әсіресе, чемпиондыққа бір қадам қалған жерлестеріміз үшін тек қана жеңіс керек-ті. Сол себепті біздің футболшылар алғашқы минуттан қауырт шабуылға шықты. Содан болар ойынның бесінші минутында Финонченконың туралай соққан добы қақпаның кермесіне тиіп, жанап өтті. Бұдан кейін де бірнеше қауіпті сәттер болды. Ақыры 19 минутта біздің ең мерген шабуылшымыз С.Хижнинченко қақпа алдындағы қарбаласта допты бағындыра білді. Есеп 1:0. Жанкүйерлердің қуанышында шек жоқ. Стадион араның ұясындай гуілдеді. Бірақ бірінші таймда есеп өзгермеді. Ал Павлодарда «Жетісу» 1:0 есебімен жеңіп жатыр деген хабар түсті.
Осындай дүдәмал жағдайда екінші тайм басталды. Тағы да алма кезек шабуыл басталды. Қонақтар біздің қақпаға қарай ұмтылған сайын жүрегіміз зу ете қалады. Біздердікі ұмтылса, «Шахтер! Гол, гол!» деген айғай шығады. Дегенмен біздің жүйрік жігіттеріміз Жамбыл
Көкеев, Ұлан Қонысбаев, жігерлі қандастарымыз Қайрат Өтебаев, Асхат Борантаев, Мақсат Байжанов тамаша ойнады. Қақпашы Александр Мокин, қорғаушылар Алдин Джидич, Николай Василевич, Александр Киров, Гедиминас Вичюс тәрізді ойыншыларымыз жанын салды. Айтпақшы, бірінші гол осы Вичюстің оң қанаттан айып алаңына құлаштап лақтырған добынан соң қарсыластар қақпасына енген еді.
Міне, ойынның 79-шы минуты. Қарсыластар қақпасына кезекті шабуыл кезінде тағы да сол Сергей Хижнинченко шірене келіп тепсін. Доп қақпада тулап жатты. Есеп 2:0. Ойын бітуге 10 минуттай уақыт қалды. Енді жерлестеріміз жеңісті қолдан шығармайтыны белгілі болды. Оның үстіне, Павлодардағы ойында «Ертіс» екінші таймда екі доп соғып, алға шықты деген хабар жетті. Олай болса, біздің команда биылғы чемпион деген ой санамызда жүгіріп өтті. Уақыт жылжымай тұрып қалған тәрізді. Ақыры бас төреші Қайрат Сланбековтің ойын аяқталғаны жөніндегі ысқырығы естілді. Стадион дүрлігіп кетті. Біреуді-біреу естіп болмайды. Аяғына тік тұрған жанкүйер арадай гуілдеп тұр. Қонақтар төмен қарап, сүмірейіп кетіп барады. Футболшыларымыз стадионды екі айналып, көрермендердің қолдауына тоймай жатты. Олар ортаға жиналып, суретке түсті. Осы кезде облыс әкімі Серік Ахметов алаңға шығып, жерлес футболшыларды қызу құттықтады. Ойыншылар бас жаттықтырушы Виктор Кумыковты тік көтеріп, аспанға лақтырды. Шынында, бұл ерекше қуаныш еді. «Шахтер» ел чемпионаты өтіп жатқан 20 жылда бірінші рет чемпион болды. Ал күміс медаль жетісулықтарға бұйырды. Қола медальді Шымкентте «Ордабасы» командасын ұтқан «Ақтөбе» алды.
Енді төрешілік туралы бір ауыз сөз. Алматылық төреші Қ.Сланбеков жалпы жақсы төрелік жасады. Мұндай шешуші ойынға ең шешімді төреші жіберілген шығар деп ойлаймыз. Алайда, осы ойында астаналық футболшылар өте дөрекілік көрсетті. Сол үшін бес «сары қағаз», яғни ескерту алды. Біздің ойымызша бұл аз, олардың бір-екі ойыншысын ойыннан шығарып жіберу керек еді. Ондай жағдайда төрешінің кесірінен ұтылып қалдық деуі мүмкін еді. Сол себепті төреші оларды алаңнан қумаған болар. Астананың жігіттері қит етсе дауласып, төрешілердің төбесінде ойнады. Олар алаңда осылайша қаншалықты «құтырса да» жерлестеріміздің жеңісі басынан белгілі болатын. Уыста тұрған алтынды олар қолдан шығармас болар.
Сөз соңында, жерлестеріміздің жеңісі құтты болсын дейміз. Келесі маусымда кездескенше, құрметті жанкүйерлер!

Серік СЕКСЕНҰЛЫ.

 


Вернуться назад

Аптаның тақырыбы

«Қарағанды облысының туризм, дәне тәрбиесі және спорт басқармасы» ММ
Сайт материалдарын пайдаланғанда ақпарат алған көзге сілтеме жасау міндетті
© 2013 Әзірлеу және қолдау:
Интернет-компания «Creatida»
Яндекс.Метрика